АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлесті. Әңгіме бір сағаттан астам уақытқа созылды және алдын ала хабарланбады.
"Украинаның ресейлік ұшақтарға жасаған шабуылын және екі жақтың [соғыстың] басқа да шабуылдарын талқыладық. Бұл жақсы әңгіме болды, бірақ бірден бейбітшілікке апаратын әңгіме емес. Президент Путин шабуылға жауап беру керек екенін айтты" деді Трамп Truth Social желісінде.
Трамптың сөзінше, ол Путинмен бірге Иранның ядролық бағдарламасын да талқылаған. Трамптың сөзінше, Иранда ядролық қару болмауы керек. Путин Иранмен келіссөзге қатысуды ұсынған. "Ол бәлкім, мәселені тез шешуге көмектесіп қалар" деді Трамп.
Трамппен сөйлеспес бұрын Путин үкімет отырысын өткізіп, Украина басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуден бас тартатынын білдірген. Путиннің бұл мәлімдемесіне Трамп түсініктеме бермеді.
Әңгіме жөнінде пікір білдірген Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, Ресей басшысы Трампқа Украина Мәскеумен келіссөзге кедергі келтірмек болғанын, бірақ олар "арандатуға берілмегенін" айтқан.
Вашингтонда қазір Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак бастаған украиналық делегация жүр. Ол Украинаға әскери көмекті арттыру және Ресейге қарсы санкцияны күшейту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр.