Accessibility links

АҚШ-тағы Орталық Азия елдерінің азаматтары: жұмысқа баруға қорықтық, серуендеудің өзі қиын болды


Трамптың сөзін тыңдап отырған АҚШ-тағы мигранттар. Көрнекі сурет.
Трамптың сөзін тыңдап отырған АҚШ-тағы мигранттар. Көрнекі сурет.

АҚШ билігі елде заңсыз тұрып жатқан мигранттарға қарсы ірі рейдтерді жалғастырып жатыр. АҚШ-та көптеген мигрант, арасында Орталық Азия елдерінен барғандар да бар, өздерін ұстап, күштеп депортациялай ма деп қорқып отыр.

Орталық Азияның бірқатар елдері, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстан АҚШ-та заңсыз жүрген өз азаматтарын Трамп ұсынған бағдарламаны пайдаланып, елден кетуге шақырды.

21 мамырда Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ-та заңсыз жүрген қазақстандықтар елге оралуға ниет білдірсе, 1000 доллар көлемінде көмек беретінін айтқан.

“Тиісті ақпарат берілді. Ол жарияланды. АҚШ тарапынан да, біздің елшіліктің сайтында да ол [ақпарат] бар. Енді АҚШ-тың өздері айтып жатыр. Олар елден өздері еркін шықса, олардың жолын төлейді. Тиісті өтемақы төлейді. Қазір жаңа бағдарлама шықты. 1000 доллар береді. Жақында Өзбекстан арқылы 19 азамат келді ғой” деді Қуантыров.

"МИГРАНТТАРҒА ҚАТЫНАС ӨЗГЕРДІ"

Қырғыз азаматы Мирбек Айтикеев АҚШ-та жүк жүргізушісі болып істейді. Оның сөзінше, мигранттар қазір Вашингтоннан түсіп жатқан оқиғаларды мұқият бақылап отыр және Трамптың саясаты өздеріне, мейлі заңды, мейлі заңсыз жүрсін, қалай әсер ететінін қадалағайды.

"Биліктің риторикасы мен мигранттарға қатынас қазір әрине, өзгерді. Республикашылдар сайлауда жеңді, бір жағынан мигранттарға қатысты қоғамда наразылық болғанынан да. Демек, адамдарда сондай сұраныс болған. Қазір қайта-қайта жаңа ережелер шығып жатыр, мигранттарға қатысты шектеулер. Кейбір мигранттар сол үшін байбалам сала бастады" деді Мирбек.

АҚШ-та тұрып жатқан қырғыз азаматы Мирбек Айтикеев
АҚШ-та тұрып жатқан қырғыз азаматы Мирбек Айтикеев

"Менің ойымша, мұны кейде өз қызметтерін ұсынған адвокаттар мен блогерлер пайдаланып, қанда да бір контент жасайды. Бірақ біз жаңалықтарды қарап отырмыз, бәріне дайын болу керек деп санаймыз" деді ол.

Мирбектің сөзінше, ол әзірге эмигрант ретінде көші-қон қызметі немесе полиция өкілімен бетпе-бет кездесіп көрмеген.

АҚШ-та жүрген Орталық Азиядан барған азаматтардың сөзінше, Трамп әкімшілігінің санкциясымен жүргізіліп жатқан рейдтер мен депортациялар бірінші кезекте заңсыз жүргендерге қатысты. Бұған қоса, АҚШ-қа барып тіркелмеген немесе құжаттарының мерзімі өтіп кеткен азаматтарға бірінші кезекте депортация қаупі төнген.

"Көбі жұмысқа шығудан: такси, жеткізу қызметінде істеуге қорықты. Бастапқыда ережелерді қатайтқан кезде тіпті іскерлік аудандарда серуендеудің өзі қиын болды" дейді Қырғызстаннан барған мигрант Ақылай. Ол да қазір АҚШ-та тұрып жатыр.

Оның сөзінше, дегенмен Орталық Азиядан барғандар негізінен қала шетіндегі аудандарда тұрады, ол жақта әдетте рейдтер сирек болады.

Коммерциялық емес ұйымдардың мәліметіне сүйенген Daily Mail газетінің жазуынша, былтыр АҚШ-та босқын мәртебесін беру туралы мәлімдемені шамамен 7 мың қырғыз азаматы жазған. Басым бөлігі шекарадан визасыз өткен және қазір өздерінің істері бойынша сот шешімін күтіп отыр: мұндай процестер сот жүктемелерінің көп болуына байланысты жылдарға созылады.

Сот шешімі шықпайынша, мигранттардың АҚШ-та қалуға құқығы бар, бұған қоса жұмыс істеп, америкалық медицина сақтандыру қызметін пайдалануға мүмкіндігі бар. Бірақ егер олар босқын мәртебесін ала алмаса, елден кетуге тура келеді.

АҚШ-тан депортациялануы тиіс азаматтардың сақшылар қадағалауымен ұшаққа бара жатқан сәті. 27 қаңтар 2025 жыл.
АҚШ-тан депортациялануы тиіс азаматтардың сақшылар қадағалауымен ұшаққа бара жатқан сәті. 27 қаңтар 2025 жыл.

Биыл қаңтарда Трамп президент қызметіне кіріскеннен кейін елде заңсыз жүрген мигранттарға "өз еріктерімен елден кетуді" ұсынған: оларға арнайы қосымша арқылы тіркеліп, үйлеріне өз бетінше кету жөнінде үндеу тасталған. Үкімет өкілдері тіпті ұшаққа билет сатып әперіп, 1000 доллар төлеуге дайын екенін білдірген. Бұған дейін Қырғызстан сыртқы істер министрлігі де АҚШ-та заңсыз жүрген өз азаматтарына осы мүмкіндікті пайдалануға кеңес берген еді.

Көші-қон бойынша адвокат Кристина Кананчук бұл идеяны мақұлдамайды.

"Осындай опция бар, бірақ кімдерге бағытталғанын және оны кім жасайтынын білмеймін. Олардың осындай жоспармен қалай шыққанын және неге үміттеніп отырғанын түсінбеймін" деді ол.

АҚШ-та жүрген "Настоящее время" арнасы сөйлескен қырғыз азаматтары әзірге өз елдеріне оралуға асықпайды. Олардың сөзінше, Қырғызстанда экономикалық жағдай да, саяси ахуал да жақсармаған және егер еліне барса, өздерін бірнеше жыл бұрын қашып кеткен мәселелері күтіп тұр: жемқорлық, жұмыссыздық, өмір сүру сапасының төмендігі.

АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясының мәліметінше, 2024 жылы АҚШ-тан 24 қазақстандық депортацияланған. 2023 жылы бұл көрсеткіш 13 болған. Былтыр Foxnews арнасы 2024 жылы қарашада АҚШ-та депортациялануы тиіс азаматтар арасында 369 қазақстандық болғанын жазған. Биыл ақпанда Reuters АҚШ-тан депортацияланған мигранттардың бір бөлігі Коста-Рика билігімен келісім нәтижесінде сол елге жіберілгенін, сол жақтан өз елдеріне жіберілетіні хабарланған еді. Алғашқы лекпен келгендердің арасында Өзбекстан, Қытай, Армения, Түркия, Ауғанстан, Ресей, Грузия, Вьетнам, Әзербайжан, Иран, Иордания, Қазақстан және Гана азаматтары болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG