ЖАҢАЛЫҚТАР
Өзбекстанда "экстремистік материал таратты" деп күдікке ілінген 20 адам ұсталды

Өзбекстанның Сырдария облысы Мирзаабад және Янгиер ауданында "экстремистік материал таратты" деп күдікке ілінген 20 адам ұсталды. Бұл туралы облыстың ішкі істер басқармасы Телеграмдағы парақшасында хабарлады.
Ақпаратқа қарағанда, күдіктілер 16 маусымда ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің біріккен операциясы кезінде ұсталған. Полицияның болжамынша, күдіктілер Телеграмда "экстремистік және террористік ұйымдарды насихаттайтын аудио және видеоматериалдар таратқан".
Өзбекстан ішкі істер министрлігінің хабарламасына тапанша және снайперлік винтовканың суреттері де тіркелген. Полиция топ мүшелерінің үйін тінткен кезде осындай қару-жарақ табылғанын айтады.
Бұған дейін 15 маусымда Жизақ облысының ішкі істер басқармасы Галлаарал ауданында Сириядағы "Қатиба Таухид уәл-Жихад" террористік тобына қосылмақ болған топтың ұсталғанын хабарлаған.
Маусым айының басында Самарқандта "Сириядағы террористік топқа қосылуды жоспарлаған" 14 адам ұсталғаны туралы ақпарат шықты.
Басқа да жаңалықтар
Полиция қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатқан деген күдікпен 140 адамды ұстаған

Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады. Операция Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген.
Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған. Ол мәліметтер кейбір коллекторлық агенттіктерге де берілген.
"Аталған іс бойынша 140-тан астам адам ұсталды, арасында компания басшылары мен Telegram арналарын жүргізген тұлғалар бар. Бес күдікті қамауға алынды", – деп хабарлады полиция.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісі Жандос Сүйінбайдың айтуынша, тінту барысында күдіктілерден 400-ден астам компьютер құрылғылары мен өзге де электронды техника тәркіленген.
Полиция аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу, жеке өмірге қол сұғу және дербес деректерді қорғау заңнамасын бұзу, шектеулі электронды ақпаратты заңсыз тарату деген баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жандос Сүйінбай осы іске қатысы бар барлық адамдар анықталып жатқанын айтты.
Бірақ полиция күдіктілер қай қалада ұсталғанын, олар қандай компанияда жұмыс істегенін нақтыламай, жалпылама ақпаратпен шектелді.
Зеленский: АҚШ уәде еткен 20 мың зымыранды Украинаға бермеді

Украина президенті Владимир Зеленский жексенбі күні америкалық ABC News телеарнасына берген сұхбатында, АҚШ әу баста Украинаға бермек болған зымырандарды Таяу Шығысқа жіберген деп мәлімдеді.
Зеленскийдің сөзінше, Киевтің АҚШ-тың бұдан дейінгі әкімшілігімен Ресейдің дрондарына қарсы күресу үшін Украина АҚШ-тан 20 мың зымыран алатыны жайлы келісімі болған.
"Біз осы 20 мың зымыранға сенім артқан едік. Бүгін таңертең менің қорғаныс министрім АҚШ бұл зымырандарды Таяу Шығысқа жөнелткенін айтты", – деді Украина президенті. Ол әлгі зымырандар нақты қай елге берілгенін және оларды Украинаға жеткізу жайлы ресми келісім жасалды ма, әлде ауызша уағдаластық қана болды ма – ол жағын ашып айтпады.
Бұған дейін, 5 маусымда Wall Street Journal газеті АҚШ қорғаныс министрлігінің құжаттарына сүйеніп, Дональд Трамп әкімшілігі бастапқыда Украинаға жіберілмек болған дронға қарсы қаруды Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскери күштерге беру туралы шешім қабылдаған деп хабарлаған. Мақалада Пентагон бұл жайлы Конгресті көпшілікке жария қылмай хабардар еткен деп жазылған.
АҚШ әкімшілігі бұл мақалаға да, Зеленскийдің сөзіне де ресми пікір білдірмеді.
Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасы жайлы айта келе, оны "қалыпты кәсіби тұрғыда" деп сипаттады. Оның айтуынша, Трамппен жеке байланысы жоқ, өйткені олар сирек сөйлеседі. Зеленскийдің сөзінше, олардың осыған дейін Ватиканда бетпе-бет отырып, 15 минут оңаша әңгімелесуі өзара қарым-қатынасты жақсартып, "ақпан айындағы Ақ үйдегі кездесуден де тиімді" болған. АҚШ әкімшілігінің өзге де өкілдері, соның ішінде вице-президент Джей Ди Вэнс те қатысқан ақпандағы кездесуде Зеленский мен Трамп дауласып қалған.
Зеленский Трампты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге тағы да үндеді. Ол Украина АҚШ әкімшілігінің барлық талаптарын орындағанын – соның ішінде атысты алдын ала шартсыз тоқтатуға және Ресеймен Стамбұлда келіссөз жүргізуге келісім бергенін атап өткен.
Зеленскийдің сөзінше, Еуропа елдері жетекшілері Трампқа "еркін әлемнің көшбасшысы" ретінде қарайды және оған: «Көшбасшы болуыңды өтінеміз. Сен – көшбасшысың. Путинді тоқтат, ал біз саған көмектесеміз, өйткені Еуропа Америкадай қуатты емес" деп айтып отыр.
Дональд Трамп Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатқысы келетінін бірнеше рет мәлімдеген. Ол Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийді соғысты тоқтату үшін жеткілікті әрекет жасамай отыр деп сынға алған. Трамптың сөзінше, ол Ресейге қарсы санкцияларды күшейту я күшейтпеу жайлы әзірге тоқетер шешім келген жоқ.
Жексенбі, 8 маусым күні вице-президент Джей Ди Вэнс АҚШ-тың бұрынғы әкімшілігі Украинаға қолдау көрсету үшін көп қаржы жұмсағанын тағы да айтты. "Мен басқыншылықты ақтамаймын және соғыс бастау әрекетін қолдамаймын", – деді Вэнс. Алайда қазіргі ең маңызды мәселе – соғысты тоқтатуға тырысу деді ол.
Ресей әскери базаларындағы ұшақтардың үстін бүркеуге кірісті

Украинаның дрон шабуылынан кейін Ресей өзінің әскери базаларындағы ұшақтарды әуеден төнетін қауіп-қатерден қорғайтын жабынды салуға кірісті.
1 маусым күні Украинаның арнаулы қызметі (СБУ) іске асырған "Өрмек" операциясы нәтижесінде Ресей аумағына алдын ала жасырын жеткізіліп, дайындалған дрондар әскери әуе базаларындағы ұшақтарға шабуыл жасаған. Оның нәтижесінде, Ресейдің әуе-ғарыш күштері кемінде 11 стратегиялық бомбалаушы ұшағынан (Ту-95 және Ту-22М) айырылды.
OSINT талдаушысы Def Mon Х әлеуметтік желісінде жазғандай, ұшақтарды әуе шабуылынан қорғайтын құрылыс жүріп жатқанын Ресей аннексиялаған Қырым түбегіндегі Кировское, Севастополь, Гвардейское және Саки аэродромдарының спутниктен түсірілген суреттерінен көруге болады. Ресейдің өз аумағында мұндай құрылыстар Ейск, Крымск, Приморско-Ахтарск, Адыгейдегі Хан әуе базасында, Миллерово, Ахтубинск, Борисоглебск, Курск және Липецк қалаларында, сондай-ақ Энгельстегі стратегиялық авиация базасында да салынып жатыр.
Жексенбі күні Украинаның қауіпсіздік қызметі Ресейдің Иркутск облысындағы "Белая" әуе базасына 1 маусымда жасалған дрон шабуылының жаңа видеоларын жариялады. Оларда дронның жүк көлігінен ұшып шыққаны, әуе базасына дейін қалай ұшып жеткені, басқа дрон шабуылдарынан кейін ұшақтардың жанып жатқаны және Ту-22М стратегиялық бомбалаушы ұшағын нысанаға алған дрон түскен сәт көрсетілген.
Украиналық Defense Express басылымының жазуынша, видеодан дрон операторларының нысанды мұқият таңдағаны анық байқалады. Олар дрондарды ұшқыштың кабинасына саты қойылған ұшаққа бағыттаған – бұл әлгі ұшақтың ұшуға дайын екенін білдіруі мүмкін дейді басылым.
Израиль Грета Тунберг мінген шағын кемені Газаға кіргізбейтінін айтты

Жексенбі, 8 маусым күні Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Газаға гуманитарлық көмек апармақ болған шағын кемені жағалауға жолатпауды бұйырды. Осы кемеде Палестинаны қолдайтын 12 белсендінің арасында Швециядан шыққан Грета Тунберг те бар.
"Армияға Madleen флотилиясын Газаға маңайлатпау туралы бұйрық бердім... ХАМАС-тың насихатын жайып жүрген антисемит Грета мен оның серіктеріне айтарым: кері қайтыңдар, сендер [Газаға] жете алмайсыңдар", — министр кеңсесі жариялаған мәлімдемедегі бұл сөзді AFP ақпарат агенттігі келтірді.
"Бостандық флотилиясы" деп аталатын халықаралық коалиция құрамындағы Madleen кемесі 1 маусым күні Италияның Сицилия жағалауындағы Катанья портынан Газа аймағын бетке алып шыққан еді. Сенбі күні кеме Египетке қарасты теңіз аумағына еніп, Газаға жақындай түскен. Бұл миссияның ресми мақсаты — Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізу және Израильдің палестиндік анклавқа жасап отырған теңіз қоршауын бұзу деп жарияланған.
Кац Израиль теңіз блокадасын палестиналық ХАМАС радикал тобына (АҚШ пен Еуроодақ оны террористік ұйым деп таныған) қару-жарақ жеткізуге жол бермеу үшін орнатқанын атап айтқан.
Ресей қорғаныс министрлігі Днепропетровск облысындағы орыс әскерінің шабуылы туралы хабарлады

Ресей қорғаныс министрлігі орыс әскері Украинаның Днепропетровск облысы аумағына кіргенін хабарлады.
"Орталық" күштер тобының 90-танк дивизиясының бөлімшелері [өзін республика жариялап алған – ред.] Донецк Халық Республикасының батыс шекарасына жетіп, Днепропетровск облысының аумағында шабуылды жалғастырып жатыр" деп жазылған Ресей министрлігінің хабарламасында.
Ақпаратты тәуелсіз дереккөздер растамады. Украина жағы түсініктеме бермеді.
Бұған дейін ресейлік "әскери тілшілер" орыс күштері Украинаның Новониколаевка ауылы аумағында (Донецк облысы Покровск ауданы)Днепропетровск облысының шекарасына шыққанын жаза бастады деп хабарлаған. Дәлел ретінде видео да жариялаған. Онда Ресей туын ұстаған үш ресейлік әскери қызметкер Украинаның екі облысының тоғысқан жерінде тұрғаны көрінеді.
Ақпаратты Днепропетровск облысының әскери әкімшілігі жоққа шығарды. Әкімшілік жетекшісі Сергей Лысак ақпаратты "фейк" деп атады.
Ақпаратты DeepState те растамады: бұл аумақта Ресей әскері мен шекараның арасы бірнеше шақырымды құрайды. Ал Conflict Intelligence Team тобы жұма күні Ресей әскері Днепропетровск шекарасына шыққанын растады, бірақ Донецк облысының батысы емес, оңтүстігі жағынан шыққанын айтты.
Ресей әскері Донецк, Запорожье және Днепропетровск облыстарының тоғысқан жерінде орналасқан Зеленое поле ауылын басып алған. 6 маусым күні CIT өкілдері Ресей әскері бірнеше апта ішінде Днепропетровск аумағында болады деп болжаған, бірақ бұл бағытта алға жылжуы неғайбыл деп санайды.
Қорғаныс министрі ауысты, "Қазпошта" жетекшісі президенттің кеңесшісі болды

Жексенбі, 8 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық ауыс-түйіс жасады. Президенттің жарлығымен Руслан Жақсылықов – қорғаныс министрі қызметінен, Марат Қарабаев көлік министрі қызметінен босатылды.
Қорғаныс министрі қызметіне Дәурен Қосанов тағайындалды. Бұған қоса, "Қазпошта" жетекшісі Әсел Жанасова президенттің кеңесшісі болды. Тиісті жарлықтар Ақорда сайтында жарияланды.
Кадрлық өзгерістердің себебі түсіндірілмеді. Ақорданың хабарлауынша, президент Тоқаев жексенбі күні жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдаған.
"Кездесуде мемлекет басшысы армияның жауынгерлік дайындығын нығайту, басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, арнайы операциялар күштерінің мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді" деп жазылған ресми хабарламада.
Мамырдың ортасында Тоқаев шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін және ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтып, “жұмыс барысында жіберген кемшіліктері үшін” көлік министрі Марат Қарабевқа сөгіс жариялаған еді.
Тоқаев “тиісті міндеттерін атқармаған” шенеуніктерге жиі сөгіс береді. Бұған дейін су тасқыны, қазандықтардың істен шығуына байланысты бірқатар шенеуніктер сөгіс алған.
55 жастағы Дәурен Қосанов 2022 жылдың желтоқсанынан бері Қазақстан қарулы күштері әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы болған. Былтыр күзде қорғаныс министрінің орынбасары болды. Ақтөбедегі әуе қорғаныс күштері әскери институтына жетекшілік еткен.
37 жастағы Әсел Жанасова 2022 жылдың қазанынан бері "Қазпоштаны" басқарады. 2020 жылдың шілдесі мен 2022 қыркүйек аралығында сауда және интеграция вице-министрі болған. "Болашақ" бағдарламасымен Кембридж университетінде оқыған.
Италияның Eni мұнай-газ компаниясы Ресейдегі кеңсесін жапты

Италияның Eni мұнай-газ компаниясы Ресейдегі өкілдігін жапты. Ол 2000 жылдардан бері жұмыс істеген. Компанияның аккредитациясы 5 маусымнан бері тоқтатылған деп жазды "Интерфакс" сайты.
Украинаға басып кіргенге дейін Ресей нарықтағы 40 пайыздық үлесімен Италияға газ жеткізген ірі тасымалдаушы болған. Соғыс басталғаннан кейін үкімет 2025 жылға қарай Ресей газынан толық бас тартатынын айтқан. Бұдан кейін компания Ресейдегі қызметін шектеп, ЕО аумағында Ресей газын сатпайтын болды.
Дегенмен 2024 жылы аталған компания үшін Ресей басқа елдердің нарығына газ жеткізу көлемі жағынан үшінші орында қалып отыр деп жазды Reuters. Компания Ресей газын Түркияға да жеткізеді.
Лос-Анжелесте көші-қон рейдіне қарсылар полициямен қақтығысты. Қалаға ұлттық гвардия жасағы кіргізілмек

АҚШ президенті Дональд Трамп заңсыз мигранттарға қарсы рейдке байланысты тұтанған тәртіпсіздікті басу үшін Лос-Анжелеске ұлттық гвардия жасағын жібереді. Бұл жөнінде BBC жазды.
Негізінен Латын Америка азаматтары тұратын аудан тұрғындары мен көші-қон және кедендік полиция қызметкерлері (ICE) арасында қақтығыстың жалғасқанына сенбі күні екі күн болды. Парамаунт ауданында полиция қызметкерлері топты тарқату үшін жас ағызатын газ бен резеңке таяқ қолданған.
Лос-Анжелес мэрі Карен Басс бұған дейін полиция күштерін халықты “үрейлендіріп отыр” деп айыптаған.
АҚШ президентінің ұлттық гвардия жасағын “бүлікті басу үшін” де жіберуге өкілеті бар. Алайда Калифорнияның губернаторы Гэвин Ньюсом сенбі күні “ұлттық гвардия жасағын жіберу туралы” шешім “арандатушылық” әрекет деп атап, бұл жағдайды тек ушықтырады деді.
Ал Трамп әлеуметтік желіде Басс пен Ньюсом өздерінің міндеттерін атқармаса, федералдық үкімет жағдайға араласып, мәселені шешеді деп сес көрсетті.
ICE мәліметінше, 6 маусымда рейд барысында 44 адам әкімшілік тәртіппен ұсталған, тағы бір адам шенеуніктердің жұмысына кедергі келтіргені үшін қамалған. Куәгерлердің айтуынша, ICE қызметкерлері рейд кезінде дыбыс шығаратын гранаталар мен жас ағызатын газ қолданған.
Бұдан кейін Лос-Анжелес қаласының орталығына 300-ге жуық адам жиналып, ICE-тің қатал тактикасына наразылық білдірді.
Украина қарулы күштері ресейлік Су-35 жойғыш ұшағын атып түсіргенін хабарлады

Украина әскерінің бас штабы сенбі күні таңертең украин күштері ресейлік Су-35 жойғыш ұшағын атып түсіргенін хабарлады. Ресейлік дереккөздерге қарағанда, ұшақ Курск облысы аумағына құлаған. Украина әскері ұшақтың бөлшектері өртенгені көрінетін дроннан түсірілген видеоны жариялады.
Ұшақтың қалай атып түсірілгені айтылмайды. Жойғыш ұшақты Украинаның әуе күштері жойғаны ғана хабарланды. Украинаның әуе күштеріне тек авиация ғана емес, әуе қорғаныс күштері де кіреді.
Ресей әзірге жойғыш ұшағынан айырылғанын растамады. Ресейлік әскери блогер Fighterbomber-дің жазуынша, ұшақ шынымен жойылған. Айтуынша, ұшқыш аман қалған.
Су-35 — Ресей әскерінің соңғы үлгідегі жойғыш ұшақтарының бірі. Ол 2008 жылдан бері шығарылып келеді. Ұшақ әуедегі нысаналарды атып түсіруге пайдаланылады, бірақ құрлық немесе судағы нысандарға да соққы жасай алады.
Алмазбек Атамбаевтың үкімге реакциясы: Гаага сотында жауап беруге дайынмын

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев өзіне шыққан сот үкіміне алғаш рет реакция білдірді.
Ол қазіргі билік өзі мен жақтастарын қудалап жатқанын айтып, қажет болса, халықаралық Гаага сотында жауап беруге дайын екенін мәлімдеді. Ол Қырғызстанның қазіргі билігін “әділдік іздеу жолында емес”, “кек алу мақсатында” өзін қудалап отырғанын айтты.
“Мені жемқорлықтан бастап адам өлтіруге дейін көптеген қылмыстар үшін айыптады. Сондықтан билікке нақты қадамдар ұсынамын: Рим статутын ратификациялаңыз, бас прокуратураға халықаралық Гаага қылмыстық сотына жүгінуді тапсырыңыз. Сот алдында тұрып, саясидан бастап қылмыстыққа дейін барлық айыптаулар бойынша жауап беруге дайынмын. Барлығы шындықты білсін. Егер билік әділдікті басшылыққа алып жүргеніне сенімді болса, халықаралық трибуналдан қорқатын түк те жоқ. Егер Гаага мені кінәлі деп таныса, кез келген мерзімді өтеп шығуға дайынмын” деп жазды ол Facebook желісінде.
Ол қырғыз билігін түрмеде заңсыз отырғандарды босатуға үндеді.
3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев пен тағы бірнеше адамға қатысты бірнеше қылмыстық іс бойынша үкім оқыған. Сот Қой-Таш оқиғасы үшін Атамбаевты 11 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, мемлекеттік наградаларынан айырып, мүлкін тәркілеуді үкім еткен.
Тергеу болжамынша, бұрынғы президент Шу облысы Қой-Таш ауылындағы жер учаскелерін заңсыз иеленген, заңсыз жолмен байлық жинап, 2019 жылы 7-8 тамыз күнгі Қой-Таштағы оқиғаға қатысқан. Сот оны кінәлі деп таныды.
Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдар аралығында басқарған. Оған жемқорлық бабы бойынша айып тағылып, 2019 жылы маусымда бұрынғы президент мәртебесінен айырылған. Сол жылы «Батукаев ісі» бойынша тұтқындалып, Қой-Таштағы үйінде қамауға алынған. Қой-Таштағы оқиға кезінде құқық қорғау органдары Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын басып алмақ болған. Ертесінде шамамен 3 мың милиция қызметкері қатысқан арнайы операция кезінде Атамбаев берілді. Тәртіпсіздік кезінде 225 адам зардап шеккен, арнайы жасақтың бір өкілі қаза болды.
Бұған дейін сот оны қылмыстық топтың жетекшісі Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатқаны үшін кінәлі тауып, бірақ "іс мерзімінің өтіп кетуіне байланысты" үкім шығармаған. Атамбаев мектеп құрылысына бөлінген қаржыны жымқырды және заңсыз төлқұжат берді деп те айыпталған. Бірінші Май аудандық соты оны 2022 жылы ақтады.
Атамбаев 2023 жылдың ақпан айында түрмеден босатылып, келесі күні емделуге Испанияға ұшып кетті. Сот оған шетелде емделуге рұқсат берген. Содан бері ол елге оралмаған.
Түркі мемлекеттері бірігіп, CubeSat ғылыми спутнигін ұшырады

Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдер бірігіп, CubeSat ғылыми спутнигін ұшырады. Бұл жөнінде "Өзбекғарыш" агенттігі директорының орынбасары Мухиддин Ибрагимовке сүйенген Қазақстанның мемлекеттік "Қазақпарат" ақпарат агенттігі жазды.
"Қазіргі кезде біз қазақстандықтық әріптестерімізбен бірге CubeSat спутнигін құрастырып жатырмыз. Бұл Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жүзеге асырылған жоба. Ұйымға мүше елдердің барлығы аппаратты жасап, ұшыруға қолдау көрсетіп жатыр. Өзбекстан да бұл процеске белсене қатысып жатыр. Бұл камерасы бар, зерттеуге арналған бірнеше құрылғысы бар ғылыми-техникалық спутник болмақ. Негізгі мақсат – спутник пен оның компоненттерін сынақтан өткізу" деді Мухиддин Ибрагимов.
Ол жобаның құны мен өзге де жайттарды айтпаған. Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, оны басынан бастап құрастыру қымбат әрі ұзақ, алайда көп жағдайда наноспутниктер "дайын бөлшектерден" құрастырылады. Әдетте олардың бағасы 100 мың доллардан аспайды.
Сәуір айында Өзбекстан Илон Масктің SpaceX компаниясымен бірге спутник ұшыру мәселесін қарастырып жатқаны хабарланған. Былтыр Ташкент ғарышты зерттеу мен пайдалануға бағытталған халықаралық келісімге қосылған. Үш жыл бұрын Қазақстан мен Өзбекстан ғарышты бейбіт мақсатта игеру саласында ынтымақтастық орнату туралы үкіметаралық келісімге қол қойған.
2009 жылы құрылған Түркі кеңесі 2021 жылы қараша айында Стамбұлда өткен түркі тілді мемлекеттерлің ынтымақтастық кеңесі саммитінде Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгерген. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мүше. Венгрия, Түркіменстан, Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие. Ұйымның штаб пәтері Стамбұлда орналасқан.
Ресей 7 маусымға қараған түні Украинаға 215 дрон және ракетамен шабуылдады

Ресей 7 маусымға қараған түні Украинаға 215 дрон және ракетамен шабуылдады: 174-і атып түсірілген немесе өздігінен құлаған деп хабарлады Украина әскері.
Соққы сонымен бірге тоғыз "Искандер", "Хвасон", Х-59/69 ракетасымен де жасалған, алтауы атып түсірілген. Он орынға соққы тиген, нақты қандай нысандарға шабуыл жасалғаны айтылмайды. Өңірлерден келген ақпарат атып түсіру статистикасына сәйкес емес.
Харьковта дрон және ракета шабуылы және басқармалы бомбамен соққы нәтижесінде аты аталмаған зауыттан өрт шыққан. Өрт аумағы 10 мың шаршы метр екені айтылды. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін деп жазды Харьков облыстық әкімшілігінің жетекшісі Олег Синегубов. Оның сөзінше, кәсіпорындарға 40 дрон мен бір ракета түскен.
Қаладағы тоғыз қабатты үйлердің біріне дрон тиіп, үшінші қабаттан өрт шыққан. Үйінді астынан құтқарушылар әйел адамды тапқан. Үш адам қаза болған, 17 адам жарақаттанған.
Харьков мэрі Игорь Терехов 18 көп қабатты және 13 жеке үйдің бүлінгенін айтты. Херсонда екі адам қаза болған. Днепрде екі адам жараланған. Соққы Павлоградтағы кәсіпорынға да тиген. Никопольда тұрғын үй бүлінген.
Қырғызстанда Лениннің ескерткіші бұзылды

Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында 7 маусымда қала орталығындағы большевиктердің жетекшісі Владимир Лениннің ескерткіші бұзылды. Қала әкімшілігі ескерткіш бұзылғанын растады.
Оның қайда көшірілетіні әзірге белгісіз және оның орнына жаңа ескерткіш орнатыла ма, жоқ па, ол жағы да айтылмайды.
Жергілікті депутат Бекболот Арзыбаевтың сөзінше, ескерткішті бұзу мәселесі қалалық кеңес сессиясында қаралмаған және шешімді Оқ әкімдігі қабылдаған болуы мүмкін.
Ош қалалық және облыстық әкімдік алдындағы Ленин ескерткіші 1975 жылы орнатылған. Бұл совет мүсіншісі Николай Томскийдің туындысы.
Лениннің ескерткішін бұзу немесе сақтау төңірегіндегі дау СССР құлағаннан кейін қызу жүрді. Оштың кейбір тұрғындары ескерткіштің маңызы жоғалғандықтан оны сүруді, оның орнында Қырғызстан тәуелсіздігіне арналған басқа ескерткішті орнатуды ұсынған. Мұндай мәселе әсіресе, жазда - Қырғызстанда 31 тамызда елдің Тәуелсіздігі атап өтілген шақта қайта қозғалып жүр. Лениннің Бішкекте ескерткіші сақталған.
Пост-советтік мемлекеттерде большевиктік билік пен коммунистік идеологияның нышаны болып саналатын ескерткіштер мәселесі даулы тақырыптардың біріне айналған. Балтық жағалауы елдері мен Украина декоммунизация туралы түпкілікті шешім қабылдап, кейбір ескерткіштерді қиратса, Орталық Азия мемлекеттерінің билігі декоммунизацияны жүргізген жоқ. Аймақтағы ең ірі ел Қазақстанда большевиктердің ескерткіштері жергілікті биліктің шешімдерімен де, азаматтық белсенділердің бастамаларымен де біртіндеп жойылып жатыр; ескерткіштер әдетте қала шетіндегі саябақтарға апарылады.
WSJ: Ақ үй сенатты Ресейге қарсы санкция туралы заң жобасын жұмсартуға шақырды

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі сенатор-республикашыл Линдси Грэмді Ресейге қарсы санкция туралы заң жобасын жұмсартуға мәжбүрлеуге тырысып жатыр. Бұл жөнінде америкалық Wall Street Journal басылымы жазды.
Басылым дереккөзінің айтуынша, кейінгі апталарда Ақ үй мен әкімшіліктің өзге де ресми тұлғалары Грэм кеңсесіне хабарласып, заң жобасын жұмсартуға шақырған.
Атап айтқанда, Трампқа санкцияға ілінетіндерді таңдауға мүмкіндік беретін түзету енгізу ұсынылып жатыр. Бұған қоса, Грэмге "міндетті" сөзін "мүмкін" сөзімен алмастыру да ұсынылған.
WSJ жазуынша, кез келген әкімшілік ірі заң жобаларын өзгертуге күш салады, олар көп жағдайда президентке шешім қабылдауда көбірек өкілет беретін тіркестерді енгізуге тырысады. Алайда басылым дереккөзінің сөзінше, ұсынылған өзгерістер заң жобасын "өлі құжатқа" айналдыруы мүмкін. Олардың сөзінше, Трамптың онсыз да өзінің қалауынша санкция енгізу мүмкіндігі бар.
Заң жобасы авторларының бірі, сенатор-демократ Ричард Блюменталь WSJ басылымына Ақ үймен жеке келіссөз өткізілгенін растады, бірақ оның жай-жапсарын айтпады.
82 сенатор қолдаған заң жобасы ресейлік шенеуніктер мен сектор өкілдеріне санкция енгізуді ұсынады. Ол сонымен бірге Ресей мұнайы мен газ, уранын сатып алатын елдерге 500 пайыздық баж салығын енгізуді ұсынады.
WSJ дерегінше, Трамп бұл заң жобасы оның АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жақсарту талпынысына нұқсан келтіре ме деп қауіптенеді.
Астана мен Лондон әскери ынтымақтастықты 2026 жылға дейін ұзартты

Қазақстан және Ұлыбританияның қорғаныс министрліктері әскери ынтымақтастықты 2026 жылға дейін ұзарту туралы келісімге қол қойды. Бұл жөнінде Қазақстан қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Лондондағы кездесу барысында әскери салада екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері мен өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланған.
Өзге жайттармен қатар тараптар Ұлыбританияның жоғары әскери оқу орындарында қазақстандық әскери қызметкерлерді бітімгерлік, тілдік даярлау және оқытуға келіскен.
Бұрын осыған ұқсас құжат 2022-2023 жылдары қол қойылған. Биыл мамырда Қазақстан сыртқы істер министрлігі британдық әріптестерімен БҰҰ бітімгершілік миссиясына қатысу мәселесін талқылағанын мәлімдеген. Қазақстан әскері оған 2014 жылдан бері қатысып келеді.
2025 жылдың басында Қазақстан – Түркиямен әскери әрекеттестік жоспарына, 2024 жылы қыркүйекте Әзербайжанмен сондай құжатқа қол қойған.
ПІКІРЛЕР