Accessibility links

Рустам мен Саиданың сапары. Балаларын Мәскеуге жіберген Орталық Азия басшыларының көздегені не?


RussianРесей президенті Владимир Путин мен Тәжік президентінің ұлы Рустам Эмомали. Кремль, 28 мамыр 2025 жыл.
RussianРесей президенті Владимир Путин мен Тәжік президентінің ұлы Рустам Эмомали. Кремль, 28 мамыр 2025 жыл.

Еуроодақ пен Қытай Орталық Азиядағы ықпалын арттыруға күш салып жатса да, бұл аймақтың экономикасында Ресей әлі де маңызды рөл атқарады. Сол себепті ел басшылары ізбасар мәселесінде Мәскеудің мақұлдауына мұқтаж.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон мен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Мәскеуге сапарлап, Ресей шенеуніктерімен жүздессе, мұны қарым-қатынасы терең ел басшыларының кездесуі деп қабылдауға болады. Бірақ Орталық Азия елдері басшыларының балалары қатысқан кейінгі жиындардың жөні бөлек. Бұл кездесу ізбасарлық процесінің басталғанын меңзейтіндей.

Кремль бұрыннан Орталық Азияны өз ықпалындағы аймақ деп санайды. Еуроодақ пен Қытай осы аймақтағы ықпалын арттыруға үлкен күш салғанымен, Орталық Азия экономика тұрғысынан Ресейді әлі де маңызды ойыншы көреді. Сол себепті ізбасарлық мәселесінде Мәскеудің мақұлдауына мұқтаж.

"Мәскеу өз территориясын белгілеп, Орталық Азияның авторитар президенттеріне бір белгі беріп отыр: егер олар демократиялық сайлау өткізбей, оның орнына президенттікке өз балаларын не жақындарын таңдаса, Кремль мұндай шешімді мақұлдайды. Ресейді Еуроодақты ерекшелейтіні де осы" деді Азаттыққа Душанбедегі университеттің профессоры аты-жөнін көрсетпеуді сұрап.

Душанбе мэрі Рустам Эмомали әкесіне, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға қаланы дамыту жоспарн таныстырып тұр.
Душанбе мэрі Рустам Эмомали әкесіне, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға қаланы дамыту жоспарн таныстырып тұр.

Оның сөзінше, Путин авторитар режимдер билік құрған Орталық Азияда демократия орнағанын қаламайды.

Путин Тәжікстан президентінің ұлы Рустам Эмомалимен кездесті. Кіші Эмомали Тәжікстанды 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан 72 жастағы әкесінің ізбасары саналады. 37 жастағы Рустам Эмомали қазір тәжік парламентінің жоғарғы палатасына жетекшілік етеді. Бұл – президенттен кейінгі ең ірі екінші ресми лауазым. Ол сондай-ақ ел астанасы – Душанбенің мэрі қызметін де атқарады.

МӘСКЕУДІҢ ҚОЛДАУЫ НЕ ҮШІН МАҢЫЗДЫ?

"Мәскеудің қолдауы билік ауысуы іске асқанқа дейін-ақ өте маңызды рөл атқарады. Тәжікстан тәуелсіздік алғалы бері онда Ресейдің әскери базасы бар. Ресей сондай-ақ Тәжікстанның ең ірі сауда әріптесі болып отыр" дейді Орталық Азия жөніндегі сарапшы Брюс Панниер.

"Мәскеу [билік ауысу] процесін мақұлдамаса, Эмомали Рахмон мен биліктен дәмелі өзге адамдардың жағдайы едәуір ауырлауы мүмкін. Сол себепті Кремльдің қолдауы маңызды. Бұл биліктің ауысуына да, сол биліктің болашақта орнықты болуы үшін де қажет"

Сонымен қатар жақында өзбек президентінің үлкен қызы Саида Мирзяева Ресей премьер-министрі Михаил Мишустинмен кездесті.

40 жастағы Мирзияева өзбек президентінің бірінші көмекшісі қызметін атқарады. Бұл – президент әкімшілігінде мемлекет басшысынан кейінгі екінші ірі қызмет.

Саида Мирзияева мен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин.
Саида Мирзияева мен Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин.

Рустам Эмомали мен Саида Мирзияеваның бірден ірі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалғаны ізбасарлық жайлы қауесетті күшейтті. Мәскеудегі кездесулер мұндай болжамдарды одан әрі өршітті.

Егер Орталық Азия лидерлері өз ізбасарларының мойындалғанын қаласа, Мәскеу де өз мүддесін тықпалап отыр: Кремль бұл аймақтағы ықпалын сақтап қалғысы келеді.

Ресми түрде стратегиялық әріптестік пен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл кездесулер Еуроодақ табиғи ресурсқа бай Орталық Азияға миллиардтаған доллар ұзақмерзімді инвестиция құятынын мәлімдеген соң өтті.

Сәуір айында Өзбекстанда бірінші "Еуроодақ және Орталық Азия" саммиті өткен. Оған Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Еуропа кеңесінің президенті Антониу Кошта қатысты.

Самарқандағы саммит кезінде Урсулан фон дер Ляцен Еуроодақ "Ғаламдық қақпа" бастамасы аясында Орталық Азияға 12 млрд евро (13,6 млрд доллар) инвестиция бөлетінін мәлімдеді. Бұл 2024 жылы мәлімделген инвестициядан бөлек сома. Ол кезде Еуроодақ аймақтағы көлік байланысын нығайтуға арналған 10 млрд евро (11,3 млрд доллар) инвестиция жоспарын жариялаған.


Урсула фон дер Ляйен Еуроодақ пен Орталық Азия қарым-қатынасын "стратегиялық әріптестік" деп сипаттады. Бұл сипаттама бұрынғы Совет республикаларына ықпалы жоғары Мәскеуді бейжай қалдырғаны екіталай.

Рустам Эмомали мен Саида Мирзияева өткен аптада Мәскеуде қабылдауда болғанда Орталық Азия Италия премьер-министрі Джорджия Мелониді қонақ етті. Италия премьері Орталық Азия Еуроодақ үшін "стратегиялық маңызға ие бола түсті" деді.

Орталық Азиядағы ықпалын арттырғысы келетін тағы бір тарап – Пекин. Кейінгі жылдары Қытай Ресейден озып, Орталық Азияның ең ірі инвесторына және сауда әріптесіне айналды. Өйткені аймақ елдері Мәскеуге тәуелділігін азайтып, сыртқы саясатын әртараптандыруды көздеп келген.

Беделді өзбекстандық экономист, профессор әрі оппозиция белсендісі Хидирназар Аллақұловтың сөзінше, "Ресей Саида мен Рустам арқылы [өзбек және тәжік президенттеріне] Еуропамен қарым-қатынасты күшейткенін құптамайтынын жеткізгісі келеді.

РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛ ЕТУ ТЕТІГІ БАР

Еуроодақ пен Қытай миллиардтаған доллар инвестиция құятынын мәлімдегенімен, көптеген сарапшының сөзінше, Ресейдің Орталық Азияға ықпал ету тетігі әлі де бар. Бұл тұрғыда Мәскеуге аймақтың кедейлеу елдері Тәжікстан мен Қырғызстан тәуелдірек.

Орталық Азиядағы миллиондаған еңбек мигранты Ресейге барып жұмыс істеп, өз еліндегі туған-туыстарына ақша жібереді. Жұмыссыздық шарпыған аймақ елдері бұл ақшаға қатты мұқтаж.

"Еуропа мен АҚШ көші-қонға шектеу қойып жатқанда, Ресей – табысын түгелге жуық осы елден алатын миллиондаған тәжіктер үшін өмір сүру көзі болып отыр. Егер Ресей мигранттарға есігін жапса, бұл Тәжікстан мен Қырғызстанда азаматтық толқуларға әкелуі мүмкін, ал мұны Мәскеу жақсы біледі», – деді Душанбедегі профессор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG