ЖАҢАЛЫҚТАР
Душанбеде Озоди радиосы мен "Настоящее Время" тілшілеріне шабуыл жасалды

Тәжікстан астанасында белгісіз біреулер Озоди радиосы мен "Настоящее Время" телеарнасының тілшілеріне шабуылдап, олардың жұмыс техникасын, ұялы телефондарын тартып алды.
Оқиға 17 тамызда болған. Мұның алдында ғана тілшілер Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы азаматтық белсенді Ульфатхоним Мамадшоевамен сөйлескен. Қарапайым киінген адамдар Анушервон Ариповті, Насим Исамовты, Муллораджаб Юсуфзода мен Барот Юсуфиді автокөліктен күшпен алып шыққан. Олар тілшілердің жұмыс техникасын, ұялы телефондарын тартып алған.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі 17 мамырда Ульфатхоним Мамадшоеваның үстінен "заңсыз митинг ұйымдастырды" деген айыппен іс қозғады.
Белгісіз адамдар Муллораджаб Юсуфзоданың басынан, кеудесінен бірнеше мәрте ұрған. Кім екендеріңді айтыңдар деген өтінішке олар жауап бермеген.
"Бүгін түскі сағат екіде Ульфатхонум Мамадшоевамен оның Душанбедегі үйінің маңында сөйлестік. Ол үйіне кеткенде біз автокөлікке қарай беттедік. Бізге қарапайым киінген екі адам шабуылдады. Олар мені, операторды ұрды, жұмыс техникасын, ұялы телефондарды тартып алды. Біреуі "Муллораджаб, Құдай біледі, сені атып тастаймын" деп қорқытты", - дейді Муллораджаб Юсуфзода.
Анушервон Ариповтың айтуынша, "Настоящее Время" телеарнасының түсіру тобына да дәл осындай шабуыл жасалған.
- Осыған дейін "Азия-Плюс" агенттігі Таулы Бадахшан автономиялы облысындағы оқиғадан ақпарат таратқаны үшін биліктен қысым көріп жатқанын хабарлаған. Журналистер агенттікті жабу қаупі төнгендіктен аталған облысқа барудан бас тартқан. Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" үкіметтік емес ұйымының баспасөз еркіндігі рейтингісінде Тәжікстан әлемнің 180 елінің ішінде 152-орында тұр. Орталық Азияда Түркіменстанда (177-орын) ғана жағдай одан нашар.
- Негізінен памирлықтар және қырғыздар тұратын Таулы Бадахшан облысында наразылық акциясы 14 мамырда басталған. Тұрғындар облыс пен облыс орталығы Хорог қаласының басшыларын отставкаға жіберуді, барлық блокбекеттерді алып тастауды, тұрғындарды қуғындауды доғаруды талап еткен. Билік мұны орындаудан бас тартқаннан кейін 16 мамырда күштік құрылымдар жиналғандарды жас ағызатын газ және резеңке оқпен атқан. Наразылық кезінде бір адам қаза болды, үш адам жараланды.
Басқа да жаңалықтар
Қырғызстанда парламент депутаттарын сайлау жаңа тәсілмен өтеді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров парламент пен президент сайлау туралы конституциялық заңға енгізілген түзетулерге қол қойды.
Заңға енгізілген негізгі жаңалық – елде 30 көпмандатты аумақтық сайлау округі құрылып, олардың әрбірінен Жогорку Кеңешке 3 депутат сайланады. Осылайша, парламенттегі депутат саны бұрынғы қалпында қалады, тек депутат сайлау тәртібі өзгереді. Саяси партиялар әр округтен депутаттыққа бір кандидаттан ұсына алады, сондай-ақ өзін-өзі ұсынатындар да сайлауға үміткер ретінде қатыса алады.
Бұған қоса, егер сайланған депутат өз өкілеттігінен айырылса, онда қайта сайлау өткізілмейді – бос мандат осы округте өткен сайлау кезінде жаңағы депутаттан кейін ең көп дауыс алған келесі кандидатқа беріледі.
Заңда сайлау өткізу кезінде қашықтан, электронды дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Құжатқа сәйкес, электронды дауыс беруді өткізу туралы шешім сайлау тағайындалған кезде қабылданады.
Сайлау туралы заңның жаңа редакциясында парламенттегі орындардың кемінде 30% әйелдер иеленуге құқылы деп бекітілді. Яғни, әрбір сайлау округінен кемінде бір әйел депутат сайлануға тиіс. Егер әйел депутаттың өкілеттігі тоқтатылса, оның мандаты сол округтен ұсынылған келесі әйел кандидатқа беріледі.
Қазіргі шақырылымдағы Жогорку Кеңеш сайлауы 2021 жылғы 28 қарашада өтті. Ол кезде қолданыста болған жүйеге сәйкес, 54 депутат біртұтас сайлау округі бойынша пропорционал жүйемен, ал 36 депутат жекелеген бірмандатты округтерден мажоритар жүйе бойынша сайланған еді.
Өзбекстан Мәскеудегі мигранттарға қарсы рейдке байланысты "қынжылыс пен алаңдаушылық" білдірді

Өзбекстан министрлер кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігі Мәскеуде жүргізілген рейд кезінде шетелдіктерге – олардың арасында Өзбекстан азаматтары да болуы мүмкін – күш қолданылғаны туралы хабарламаларға байланысты "қынжылатынын және алаңдайтынын" мәлімдеді.
"Ресей Федерациясы үкіметінің және ірі жұмыс берушілердің жыл сайын Өзбекстан азаматтарын ұйымдасқан түрде жұмысқа тартуға қызығушылығы артып отырған шақта, құқық қорғау органдарының кейбір өкілдерінің шетел азаматтарына дөрекілік танытуы қынжылыс пен алаңдаушылық тудырады", – деген агенттік 9 маусымда жариялаған мәлімдемесінде.
Хабарламада Өзбекстанның Ресейдегі бас консулдығы мен Көші-қон агенттігінің өкілдігі аталған жағдайды бақылауға алғаны айтылған. Агенттік Ресей құқық қорғау органдарынан ресми ақпарат болады деп күтетінін де жазған.
Осының қарсаңында әлеуметтік желілерде ресейлік күштік құрылым өкілдерінің әлдебір ғимаратқа баса-көктей кіріп, мигранттарды ұрып-соққаны түсірілген видео тараған. Онда арнайы жасақтың кейбір сарбаздары Ресейге Орталық Азия елдерінен барған жұмысшыларға нәсілдік тұрғыдан кемсітіп, қорлайтын сөздер айтқаны көрсетілген.
Өзбекстанның Журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің ректоры Шерзодхон Құдыратқожа өз ақпаратына сүйене отырып, Мәскеуде кезекті рет қатігез рейд болған деп жазды. Ол отандастарын Ресейге бармауға шақырды.
Кейінгі айларда әлеуметтік желілерде ресейлік арнайы жасақ өкілдерінің Орталық Азиядан барған мигранттарды ұрып-соғып, қорлағанын көрсететін көп видео тарады. 10 сәуірде Мәскеу полициясы негізінен Қырғызстан азаматтары баратын моншаға рейд жүргізіп, ондағы адамдарды қатігездікпен ұрып-соққан. Осыдан кейін Қырғызстан билігі Кремльге нота жолдап, рейдтің қандай негіз бойынша жүргізілгенін және моншадағы адамдар не үшін соққыға жығылғанын түсіндіруді сұрады. Ал Ресейдің ІІМ полиция қызметкерлері ешқандай "құқыққа қайшы әрекет" жасаған жоқ деп мәлімдеді.
25 сәуір күні Мәскеудегі тамақтану орындарының бірінде түскі ас ішіп отырған өзбек мигранттарын күштік құрылым қызметкерлері ұрып-соғып, мекемедегі бейнебақылау камераларын сындырып кетті. Осыдан кейін Нижний Новгородта құқығын қорғауға тырысқан өзбек мигранты Ресей федерациялық көші-қон қызметінің жергілікті бөлімшесінде соққыға жығылды.
2 мамырда Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресейде мигранттар құқығын бұзу және оларға дөрекілік таныту оқиғалары көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылар бұл мәлімдемені ресми Ташкенттің Ресейдегі еңбек мигранттарының жағдайына байланысты кейінгі жылдардағы алғашқы нақты реакциясы деп бағалады. Министрлік Ресейдің Өзбекстандағы елшісі Олег Мальгиновпен кездесуде оған әлгіндей алаңдаушылығын айтып, мәселені Кремльге жеткізуін сұраған.
Адам құқығын қорғаушылар Ташкенттен қатаң дипломатиялық шаралар қабылдауды және шетелдегі өзбек азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша нақты әрекеттер жасауды талап етті.
Австриядағы мектепте кемінде 9 адам оққа ұшты

Австрияның Грац қаласындағы гимназияда кемінде тоғыз адам оқтан қаза тапқан. Кейінгі мәліметтерде 20-дан астам адам жараланғаны айтылды. Бұл туралы австриялық Kronen Zeitung газеті хабарлады. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, осы гимназияның студенті оқ атқан деген күдікке ілінген. Ол кейінірек өз-өзіне қол жұмсаған деген ақпарат бар.
Австрияның APA ақпарат агенттігі таратқан мәліметте қаза тапқандар арасында жеті оқушы мен бір ересек адам бары айтылған. Қаза тапқан тоғызыншы адам – оқ атқан деген күдікке ілінген адамның өзі. Ресми расталмаған деректерге қарағанда, қаза тапқандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Жараланған 28 адамның бірнешесі ауыр халде жатыр деп жазды басылымдар.
Полиция оқиға орнына арнайы жасақ жұмылдырылғанын және қаза тапқандар барын растады. Оқ атуға не себеп болғаны әзірге белгісіз, ол жайында ресми ақпарат болған жоқ.
Төтенше оқиға сейсенбі күні таңертең ерте болған. Куәгерлердің айтуынша, қаскөй гимназияның екі сыныбында оқ жаудырған. Құрбан болғандар арасында мұғалімдер де, оқушылар да бар. Жалпы шамамен 20 рет оқ атылған. Кейінгі жеткен мәліметтерде 10-нан астам адам жараланған деп көрсетілген.
Қылмысқа күдіктінің жеке басы жайлы толық ақпарат жоқ. Әзірге белгілісі – ол оқиға болған гимназияда оқыған. Kronen Zeitung басылымы күдікті өзін кемісту көрдім деп сезінген болуы мүмкін деп жазды.
Астанада әйелін азаптаған деген айып тағылған бұрынғы дипломаттың соты басталды

10 маусымда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық тергеу сотында Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің бұрынғы кеңесшісі Сәкен Мамаштың ісі бойынша сот отырысы басталды. Бұрынғы әйелі Карина Ғұсман "Мамаш отбасында әңгіртаяқ ойнатып, мені ұрып-соқты" деп айыптап отыр, деп хабарлады Азаттық Азия.
Сейсенбі күні өткен сот отырысында судья Артур Абдыханов жәбірленуші тараптың сот процесін жабық өткізу туралы өтінішін ішінара қанағаттандырды.
"Біздің өміріміздегі жеке басқа қатысты жайттарды жария еткім келмейді. Екі балам бар және олардың психологиялық саулығына алаңдаймын", – деді сотта Карина Ғұсман.
Судья жеке өмір құпиясын қорғау қажеттігіне сілтеп, БАҚ өкілдерінің сот залынан шығуын сұрады. Алайда сот үкімі жарияланған кезде журналистердің қатысуға құқығы бары айтылды.
Айыпталушы Сәкен Мамаш өзіне бұған дейін белгіленген бұлтартпау шарасын өзгерту жайлы өтініш жасады. Ол қашу ниеті жоғын және жәбірленушіге ешқандай қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Карина Ғұсманның адвокаттары болса айыпталушы бұған дейін жәбірленушінің қыр соңына түсіп, қорқытқанын алғанын айтты.
Сот бұрынғы дипломаттың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін орындаудан бас тартты.
Былтыр мамыр айында Карина Ғұсман әлеуметтік желіде он жыл бойы күйеуінен қорлық пен зорлық көріп келгенін мәлімдеген.
"Менің күйеуім – Қазақстан Республикасының БАӘ-дегі елшісінің кеңесшісі – кеше мені және маған қонаққа келген туған әпкемді ұрып соқты. Мемлекетімізден көмек талап етемін", – деді ол әлеуметтік желіде жариялаған видеода.
После заявления супруги дипломата министерство иностранных дел Казахстана отозвало его из ОАЭ.
Осы мәлімдемеден соң Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Сәкен Мамашты БАӘ-ден елге шақыртып алды.
Биыл сәуір айында Сәкен Мамаш әйеліне жүйелі түрде қол жұмсаған деген айыппен қамауға алынғаны белгілі болды. Полиция экс-дипломаттың үстінен Қылмыстық кодекстің "Азаптау" бабы бойынша іс қозғаған.
Марк Рютте НАТО елдерінің әуе қорғанысын "400 пайыз арттыруға" шақырды

НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте дүйсенбі күні альянсқа мүше елдерді қорғаныс әлеуетін түбегейлі арттыруға, соның ішінде НАТО-ның әуе және зымыранға қарсы қорғаныс қабілетін 400 пайыз ұлғайтуға шақырды. Бұл – Ресей тарапынан төнетін қауіп-қатерлерге тиімді қарсы тұру үшін қажет деп санайды ол.
Лондондағы Chatham House сараптама орталығында сөйлеген сөзінде Рютте Украинадағы соғыс жалғасып жатқан және әлемде тұрақсыздық ұлғайып бара жатқан шақта НАТО-ға қорғаныс саясатында "кванттық секіріс" жасау қажет екенін баса айтты. "Біз Ресейдің Украинада әуеден террор сеуіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан біз аспанымызды қорғайтын қалқанымызды күшейтеміз", – деп мәлімдеді ол.
Рюттенің пікірінше, Ресей әскери қуатын белсенді түрде арттырып жатыр және енді бес жыл ішінде НАТО-ға қарсы қарулы күш қолдануға дайын болуы мүмкін.
Рютте НАТО елдерінің қорғаныс шығындарын ұлғайту туралы бастама көтерді: тікелей әскери қажеттілікке ЖІӨ-нің 3,5 пайызын, ал қауіпсіздік саласындағы кеңірек шараларға тағы 1,5 пайыз бөлуді ұсынды. Бұл бастама АҚШ президенті Дональд Трамптың НАТО елдері қорғаныс шығындарын жалпы ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін жеткізгені жөн деген талабын қанағаттандырып, ымыраға келістіретіндей ұсыныс болмақ. Қазіргі мақсат – 2 пайыз деңгейінде.
Рютте сөйлемей тұрып, Кремль НАТО-ны "агрессивті саясат жүргізіп отыр" деп айыптады. "Альянс өзін агрессия мен тайталас құралы ретінде көрсетіп отыр", – деп мәлімдеді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Рютте бүкіл альянс бір жылда шығаратын оқ-дәрі көлемін Ресей үш-ақ айда шығаратынын, НАТО елдерінің армияларына мыңдаған жаңа танк пен беренді техника, миллиондаған артиллериялық снаряд қажет екенін ерекше атап айтты. Бұған қоса ол Қытай да әскери қуатын жылдам арттырып жатқанын ескертті.
Сөз соңында Рютте егер НАТО елдері қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызын бөлуді қамтамасыз ете алмаса, оның салдары ауыр болуы мүмкін екенін айтты.
"Денсаулық сақтау мен зейнетақы жүйесін сақтай аласыздар… бірақ олай болса, орыс тілін үйренуге дайын болыңыздар. Себебі нәтиже – сол болмақ", – деп түйіндеді сөзін НАТО бас хатшысы.
Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқын алмасудың алғашқы кезеңін өткізді

9 маусымда Ресей мен Украина 25 жасқа дейінгі әскери тұтқындарды алмасудың алғашқы кезеңін өткізді. Бұл жөніндегі келісім 2 маусымда Стамбұлда өткен екі елдің делегацияларының келіссөзінде жасалған. Екі тарап бір-біріне ауыр халдегі әскери тұтқындарды да қайтарып берді.
Ресей де, Украина да бұл – тұтқын алмасудың алғашқы кезеңі екенін ерекше атап, тұтқын алмасу алдағы күндері де жалғасатынын айтып отыр. Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметінше, елге "25 жасқа дейінгі ресейлік әскери қызметшілердің алғашқы тобы қайтарылған". Ал Украина тарапы "босатылғандардың барлығы – қатардағы жауынгерлер мен сержант құрамында болғандар. Олардың арасында Мариупольді қорғағандар да бар, олар 3 жылдан астам уақыт тұтқында болды" деп мәлімдеді.
Екі тарап 1:1 форматымен тұтқын алмасқанын хабарлағанымен, нақты қанша адам екенін айтпады. Украина президенті Владимир Зеленский таратқан фото және видеоматериалдарда, сондай-ақ Ресей қорғаныс министрлігінің бейнематериалдарында ондаған ресейлік және украиналық әскери қызметшілер байқалады.
Стамбұл келісіміне сәйкес, бұл алмасу аясында 25 жасқа дейінгі барлық тұтқындар, ауыр науқастар және кейбір бейбіт тұрғындар босатылуға тиіс. Үйіне оралатын әскери тұтқындардың жалпы саны әр тараптан 1000 адамнан асуы мүмкін.
Стамбұлда екі тарап қаза тапқан әскери қызметшілердің сүйектерін алмастыру жөнінде де келісім жасасқан. Ресей тарапы Украинаға 6 мың адамның сүйегін беруге дайын екенін мәлімдеген. Кейінгі күндері Ресейдің ресми өкілдері Украина тарапы қаза тапқан өз сарбаздарын алудан бас тартып жатыр деп айыптай бастады. Бірақ Киев ол мәлімдемені жоққа шығарып, Стамбұлда жасалған келісімге сәйкес, қаза тапқандарды алмастыру осы аптада басталатынын хабарлады.
Трамп Калифорния губернаторы Ньюсомды тұтқындауға кетәрі емес екенін мәлімдеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Калифорния штатының губернаторы, демократ Гэвин Ньюсомды тұтқындауды қолдайтынын мәлімдеді. Ақ үй басшысының дүйсенбі күні айтқан бұл сөзі Лос-Анджелестегі заңсыз иммигранттарды анықтау рейдтеріне қарсы наразылықтар өтіп жатқан шақта екі саясаткердің арасындағы шиеленісті одан әрі күшейтті.
Президент пен губернатор арасындағы жағдай Ньюсом Оңтүстік Калифорнияға Ұлттық гвардияны өзінің келісімінсіз орналастырғаны үшін федералды билікті сотқа беретінін мәлімдегеннен кейін ушықты. Ньюсом Трамптың әрекетін заңсыз деп атап, оны "жанжалды тұтатты" деп айыптады. Федералды заңға сәйкес, президент Ұлттық гвардияны елге басқыншылық жасалғанда, бүлік шыққанда немесе заңды орындауға жергілікті құқық қорғау органдарының қауқары жетпеген жағдайда ғана қолдана алады.
Аптаның аяғындағы демалыстан соң Ақ үйге оралған Трамп егер шекара қауіпсіздігі жөніндегі кеңесшім Том Хоманның орнында болсам, Ньюсомды тұтқындар едім деп мәлімдеді. "Гэвин көптің назарында болғанды ұнатады, бірақ меніңше, бұл тамаша шешім болар еді", – деді Трамп. Ал Ньюсом бұл мәлімдемені "авторитаризмге бастар қадам" деп атады. Жүргізілген сауалнамалар қорытындылары губернатор Ньюсомның беделі артып келе жатқанын көрсетіп отыр, оны келесі президент сайлауында демократтардан кандидат болуға лайық саясаткер деп қарастыратындар аз емес.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс федералды билікті жағдайды ушықтырды деп айыптап, қалада болған тәртіпсіздіктерді де сынға алды. "Әкімшілік тұтатып берген бейберекеттікке жұрттың еріп кеткенін қаламаймын", – деді мэр. Ал Трамп болса Басс пен Ньюсомды "қауіп-қатерді елемей отыр" деп сынап, "Ұлттық гвардия болмағанда Лос-Анджелес жермен-жексен болар еді", – деп мәлімдеді.
Кейінгі төрт күн бойы наразылық шерулерінен босамаған Лос-Анджелес көшелері дүйсенбі күні тыныш болды.
Республикашылдар Калифорниядағы жағдайды Трамптың бастамасымен ұсынылған "Бір үлкен, тамаша заңды" қабылдауға дәлел ретінде келтіріп отыр. Бұл заң жобасы шекара қауіпсіздігін күшейтуді, әскери шығындарды ұлғайтуды, салықты азайтуды және әлеуметтік төлемдерді қысқартуды көздейді. Өкілдер палатасы мақұлдап үлгерген заң жобасын қазір Сенат қарап жатыр. Алайда оған қарсы сын айтушылар бұл заң АҚШ-тың мемлекеттік қарызын күрт көбейтеді деп ескертіп отыр.
Израиль өз армиясы пайдаланған Patriot жүйелерін Украинаға берді

Израиль бұрын өз қорғаныс армиясында (ЦАХАЛ) болған әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін Украинаға берді. Бұл туралы 9 маусым күні Израильдің Киевтегі елшісі Михаил Бродский хабарлады. Әңгіме Израиль армиясы 1990 жылдардың басынан бері қолданып келген америкалық Patriot жүйелері туралы болып отыр.
"Біз бір кездері АҚШ-тан алған Patriot жүйелері қазір Украинада. Бұл – Израильдің қару-жарағында 1990-жылдардың басында болған жүйелер. Біз оларды Украинаға беруге келістік. Бұл жайында, өкінішке қарай, аса көп айтылған жоқ. Бірақ Израиль әскери көмек көрсеткен жоқ деген сөздер шындыққа жанаспайды. Ол – жалған", – деп мәлімдеді елші.
Осыдан бір ай бұрын америкалық The New York Times басылымы Израильдің қару-жарағынан алынған MIM-104 Patriot PAC-2 зенит-зымыран кешендері Украинаға жөнелтілмек деп жазған еді. Бұл жүйелерді Украинаға беру жөніндегі келіссөздер былтыр маусым айында басталған.
Қазақстан СІМ Ресейге кіру тәртібі өзгеруінің виза режиміне қатысы жоғын айтты

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің өз аумағына шетелдіктердің, соның ішінде Орталық Азия елдері азаматтарының кіру тәртібі туралы енгізген жаңа ережелерін байланысты түсініктеме берді.
"Ресейге баратын Қазақстан азаматтары күтпеген жағдайға тап болмауы және шекарада қиындық туындамауы үшін әуелі шекарадан өтудің жаңа талаптарымен алдын ала танысып шығуы қажет", – деп мәлімдеді Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров дүйсенбі күні БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Журналистердің "Қазақстан Ресейге жауап ретінде дәл сондай шара қолдана ма?" деген сұрағына СІМ өкілі: "Бұл мәселені өте мұқият зерттеп жатырмыз және де бұл біздің мемлекеттік органдармен кеңесуімізді қажет етеді" деп жауап берді.
Бұған қоса СІМ өкілі Ресей енгізген шекарадан өтудің жаңа ережелерін виза режимімен салыстыруға болмайтынын айтты.
"Кейбір БАҚ өкілдері қарапайым көші-қон талаптарын Ресей визалық режим енгізіп жатыр деп тақырып қойып жазып жатыр. Бізде Ресеймен визасыз режим бар және ол сақталады. Бұл тек қана шекарадан өту тәртібі бойынша қойылған талаптар", – деді Смадияров.
Биыл 30 маусымнан бастап Ресей аумағына шетелдіктердің кіру тәртібі күшейтілмек. Ресейге барғысы келетін мигранттар өз сапары туралы Ресей билігін алдын ала хабардар етуге міндетті болады. Ресей үкіметінің қаулысына сәйкес, шетел азаматтары елге кірмей тұрып, кемінде 72 сағат бұрын сапар мақсатын көрсетіп, өтініш беруі, саусақ іздерін тапсырып, суретке түсуі қажет. Сапар алдында Ресей ІІМ сайтынан өзіне ол елге кіруге тыйым салынбағанын тексеріп алғаны жөн болмақ.
Жаңа ережелер Қазақстан, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ресеймен визасыз режим туралы келісімі бар өзге елдердің азаматтарына қолданылады.
Енді Қазақстан және басқа елдердің азаматтары Ресейге сапармен баратыны туралы ол елдің билік органдарын алдын ала хабардар етуге міндетті болады. Ресей үкіметінің қаулысына сәйкес, шетелдіктер, соның ішінде Қазақстан азаматтары, Ресейге кіруге 72 сағат қалғанда сапар мақсаты туралы өтініш беруге тиіс.
Көші-қон мәселелері бойынша сарапшы әрі құқық қорғаушы Валентина Чупик Азаттық радиосына берген сұхбатында Ресейдің бұл әрекеті Орталық Азия елдерімен электронды виза режимін енгізудің бүркемеленген түрі деген пікір білдірген.
Он екі елдің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын Трамп жарлығы күшіне енді

9 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамптың 12 мемлекеттің азаматтарына АҚШ-қа кіруге тыйым салатын жарлығы күшіне енді. Тыйым салынған елдер тізімінде Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго Республикасы, Экваториалды Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен бар.
Бұған қоса Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түркіменстан және Венесуэла азаматтарына АҚШ-қа кіру ережелері қатаңдатылды.
Өткен жұма күні жарияланған түсіндірмелерге сәйкес, бұған дейін берілген АҚШ визалары күшінде қалады және олардың иелеріне АҚШ-қа кіруге рұқсат етіледі. Алайда аталған елдердің азаматтарынан (егер олар ерекше санатқа жатпаса) жаңа виза алуға өтініш қабылданбайды.
Трамптың бұл жаңа жарлығы ол АҚШ президенті лауазымына сайланған бірінші мерзімі кезінде – 2017 жылы қабылдаған алғашқы иммиграциялық жарлығынан өзгешелеу. Алғашқы жарлық әуежайларда бейберекет жағдай туғызып, сот дауларына ұласқан еді. Ал қазіргі жарлық мұқият дайындалып, АҚШ-қа визамен келген шетелдіктердің ел аумағында белгіленген мерзімнен асатын уақытқа қалып қою мүмкіндігі жоғары екендігін көрсеткен Ішкі қауіпсіздік министрлігінің мәліметтеріне сүйене отырып қабылданған.
Дүйсенбі күні жарлық күшіне енгеннен кейін АҚШ-тың ірі әуежайларында әлдебір дүрбелең немесе қиындықтар тіркелген жоқ. Дегенмен, құқық қорғаушылар мен мигранттар қауымдастығы өкілдері АҚШ әкімшілігі енгізген жаңа тыйымды қатты сынға алып жатыр. Олар әсіресе тізімге Ауғанстанның енгізілуіне ерекше наразылық білдірді – бұл қазіргі уақытта АҚШ-қа босқындар ең көп келіп жатқан мемлекет. Трамп жарлығында АҚШ билігімен әріптестік орнатқан арнайы иммиграциялық виза алған Ауғанстан азаматтарына жеңілдіктер қарастырылған.
Болгарияның екі порты Транскаспий көлік дәлізі жобасына қосылмақ

Болгарияның Бургас және Варна порттарын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қазақстан мен Болгария президенттерінің Астанадағы кездесуінің қорытындысы бойынша Ақорда хабарлады.
Болгария президенті Румен Радев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Астанаға ресми сапармен келді. Ақорда екі президент өткізген келіссөзді "нақты уағдаластықтарға қол жеткізілген мазмұнды кездесу" деп сипаттады.
"Мәселен, біз Қазақстан мен Болгария арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселесіне айрықша назар аудардық. (...) Мұнай-газ, жаңартылатын энергия көздері, "жасыл" энергетика, атом өнеркәсібі, цифрландыру, инновациялар, жасанды интеллект, ғарыш өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдени-гуманитарлық байланыстар мен туризм салаларындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асырудың аса маңызды екендігі айтылды", – деген Тоқаевтың сөзін келтірген президенттің баспасөз қызметі.
Бұған қоса тараптар көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың өзектілігін атап өтті. Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі жобасына қосу мәселесін пысықтауға келісті. Бұл дәліз – стратегиялық маңызы бар сауда бағыттарының бірі саналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынған.
"Біз Болгарияның ғарышты зерттеу мен технологиялар, қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы озық тәжірибесін зерделеуге және осы бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Болгар делегациясының құрамында Болгарияның ірі кәсіпкерлері бар. Қазақстан біздің нарықта жұмыс істеуге тілек білдірген болгар компанияларына барынша қолайлы жағдай жасауға дайын. Мен қазақ-болгар іскерлік кеңесін құруды ұсындым, бұл біздің елдеріміздің іскер топтары арасындағы өзара байланысты нығайтады", – деген Тоқаев.
Ал Румен Радев Болгария Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктес санайтынын айтты.
"Мен табыс кілті – өзара ынтымақтастық екеніне сенімдімін. Біздің арамыздағы және Еуропа одағы мен Қазақстан арасындағы байланыстарды ары қарай дамытуда біз мемлекеттеріміздің Азия мен Еуропа арасындағы маңызды стратегиялық көпір ретіндегі географиялық орналасуына толықтай сүйенуіміз қажет", – деген Болгария президентінің сөзін келтіреді Ақорда.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Румен Радев бірқатар меморандумға қол қойды. Олардың арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты келісім де бар.
Ресей Украинаға қарсы басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Қазақстан билігі Транскаспий логистика бағыттарын дамыту қажеттігін жиі айтып жүр. Ең жиі айтылатыны – Қазақстан мұнайын экспорттауға арналған Транскаспий дәлізі.
Мысалы, биыл көктемде Қазақстан мұнай экспортын Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы арттыруға ниетті деген ақпарат тараған. Транскаспий дәлізі – Ресей аумағы арқылы өтетін Каспий құбыр желісі консорциумына (КҚК) балама бағыт болып саналады. Қазақстандық сарапшылар үкіметті Ресейге тәуелді экспорт бағыттарынан арылуға үндеп, аймақта жанжал тұтанып, ушыға қалған жағдайда бұл тәуелділік зор қауіп-қатерге айналуы мүмкін екенін ескерткен.
Түркістан облысында 16 жастағы қызды зорлап, өлтіріп кеткен. Бір күдікті ұсталды

Түркістан облысы Төрткүл ауылында 16 жастағы қызды зорлап, артында өлтірді деген күдікпен бір азамат ұсталды. Мұны Азаттыққа Түркістан облысының полиция департаменті растады.
"6 маусым күні сағат 07:05-те Түркістан облысы Төрткүл ауылында қыздың мәйіті табылды. Ол колледждің 1-курс студенті. Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аясындағы өзге де ақпарат жария етілмейді" деп жазылған полиция жолдаған жауапта.
Марқұм жергілікті дүкенде жұмыс істеген, сол күні үйіне қайтып бара жатқан деген ақпарат бар.
Бұған дейін "НеМолчи" қорының жетекшісі Дина Смайылова әлеуметтік желідегі парақшасында ауыл адамдарының Төрткүлде осы оқиғадан соң интернет пен байланыс өшірілді деген хаттарын бөліскен. Полиция Азаттықтың ауылда интернет өшті ме, неге өшірілді деген сауалын жауапсыз қалдырды.
Интернет пен байланысты шектеу шарасы жанжалдың алдын алу мақсатында жасалған болуы мүмкін. Бұған дейін осыған ұқсас қылмыс оқиғаларынан кейін елді мекендерде дүрбелең болып, күзет күшейтіліп, интернет істемей қалған жағдайлар болған.
Төрткүл ауылы Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 150 шақырым жерде. 2021 жылға есепке қарағанда, ауылда жеті мыңға жуық адам тұрады.
Ресей Украинаның бірнеше облысына жүздеген дронмен шабуыл жасады

Дүйсенбіге қараған түні Ресей күштері Украинаға тағы да шабуылдап, дрондар мен зымырандар қолданды. Киевте шабуыл салдарынан Дарница ауданындағы кеңсе ғимараты бүлінгенін қала әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко өз Telegram-арнасында хабарлады.
Украинаның батысындағы Ровно облысының билігі 9 маусымға қараған түні "қуатты әуе шабуылы" болғанын мәлімдеді. "Ровно облысы үшін өте ауыр түн болды... Алдын ала мәліметтер бойынша, бір бейбіт тұрғын жараланған", – деп жазды Ровно облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Коваль Telegram-да. Маңызды көлік торабы саналатын Дубно қаласы мен Ровно қаласына шабуыл жасалған. Ресейлік әскери блогерлердің болжамынша, шабуыл нысанасына әскери аэродром алынған болуы мүмкін.
Дрон шабуылы салдарынан Днепропетров облысында да бүлініп, қираған нысандар тіркелді. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.
Черкассы облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Игорь Табурец аймақта әуе қорғаныс күштері Ресейдің 33 дронын атып түсірді деп хабарлады.
"Зардап шеккендер жоқ. Бірақ дрон сынықтарынан келген зиян аз емес. Черкассы ауданында төрт үй, бір шаруашылық құрылыс және бір автокөлік зақымданды. Сонымен қатар, орманның 2 гектар аумағы өртеніп, өрт жылдам сөндірілді. Золотоноша ауданында да төрт үй, шаруашылық құрылыстар, бір гараж және жеке кәсіпорын аумағындағы асхана бүлінді", – деп жазды Табурец.
Украина армиясы Әуе күштерінің мәліметінше, Ресей Украина аумағын шабуылдауға шамамен 500 әуе нысанын, соның ішінде 400-ден астам "Шахед" дронын ұшырған. Олардың басым бөлігі жойылды деп мәлімдеді Украина тарабы. Ресейлік әскери қолбасшылық бұл шабуылдарға қатысты әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
Кейінгі күндері бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде америкалық ресми тұлғалардың айтқанына сүйене отырып, 1 маусымда Украинаның қауіпсіздік қызметі іске асырған "Өрмек" арнайы операциясы барысында Ресейдің тылдағы аэродромдарына жасалған дрон шабуылына қарымта ретінде Мәскеу ірі шабуылға дайындалып жатыр деп хабарлаған.
Израиль әскері Грета Тунберг мінген кемені ұстады

Дүйсенбі, 9 маусымға қараған түні Израиль әскері Газа секторының жағалауына бет алған Madeleen атты шағын кемені ұстады. Израиль сыртқы істер министрлігі кеме Израильдің Ашдод портына жеткізілгеннен кейін ондағы 12 палестинашыл белсенді түгелдей еліне қайтарылады деп хабарлады.
"Газаға гуманитарлық көмек жеткіземіз" деген кемедегі жолаушылардың арасында ғаламдық климаттың өзгеруіне қарсы қозғалыстар ұйымдастыруымен танылған швед белсендісі Грета Тунберг те бар. Кейінгі кездері ол Израильдің саясатын сынға алып, Газа секторындағы әрекеттерін "геноцид" деп атаған.
Израиль СІМ Тунберг отырған кемені "жұлдыздармен селфи жасайтын яхта" деп атап, қазіргі таңда Газаға бұл белсенділер апармақшы болған көлемнен әлдеқайда көп гуманитарлық көмек жеткізіліп жатқанын алға тартты. "Газа секторына көмек жеткізудің нақты жолдары бар, олардың Instagram-дағы селфиге еш қатысы жоқ. Яхтада бар, "жұлдыздар" тұтынбаған болмашы көмек нақты гуманитарлық арналар арқылы Газадағы халыққа жеткізіледі", – деген СІМ мәлімдемесінде.
Израиль әскери кемелері Madeleen кемесіне жақындап, дауысзорайтқыштар арқылы кемеден бағытын өзгертуді талап еткен. Кемедегілер ол бұйрықты орындамаған соң, Израильдің әскери-теңіз күштері сарбаздары Madeleen кемесіне кіріп, бақылауды өз қолына алған. Борттағы белсенділер, арасында Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты Рима Хассан да бар, кеме халықаралық су аймағында ұсталды деп мәлімдеді. Тунберг Швеция билігінен ұсталғандарды тез арада босатуға күш салуға шақырған бейнеүндеу жазды. Израиль СІМ Тунбергтің "көңіл күйі жақсы" екенін хабарлап, оның суретін жариялады.
Қазір Израиль АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым ретінде таныған ХАМАС тобына қарсы Газада әскери операция жүргізіп жатыр. ХАМАС "Бостандық флотилиясын" Израильдің бақылауға алуын "мемлекеттік терроризм" деп атады. Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац Madeleen кемесі Ашдод портына келген соң белсенділерге 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы Израиль аумағына жасаған шабуылдың бейнежазбаларын көрсеткен орынды болар еді деп мәлімдеді. Ол шабуылдың салдарынан 1000-нан астам адам қаза тапқан.
"Бостандық флотилиясы" деп аталатын халықаралық коалиция құрамындағы Madleen кемесі 1 маусым күні Италияның Сицилия жағалауындағы Катанья портынан Газа аймағын бетке алып шыққан еді. Сенбі күні кеме Египетке қарасты теңіз аумағына еніп, Газаға жақындай түскен. Бұл миссияның ресми мақсаты — Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізу және Израильдің палестиндік анклавқа жасап отырған теңіз қоршауын бұзу деп жарияланған.
Израиль билігі Газаға теңіз блокадасын ХАМАС тобына қару-жарақ жеткізуге жол бермеу үшін орнатқанын айтқан.
Полиция қазақстандықтардың жеке деректерін заңсыз сатқан деген күдікпен 140 адамды ұстаған

Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерін интернетте заңсыз сатып, таратумен айналысқан деген күдікпен 140-тан астам адам ұсталған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті хабарлады. Операция Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізілген.
Полицияның мәлімдеуінше, тергеу барысында күдікті топ мемлекеттік базалардан азаматтардың жеке деректерін заңсыз алғаны және Telegram платформасы арқылы таратқаны анықталған. Ол мәліметтер кейбір коллекторлық агенттіктерге де берілген.
"Аталған іс бойынша 140-тан астам адам ұсталды, арасында компания басшылары мен Telegram арналарын жүргізген тұлғалар бар. Бес күдікті қамауға алынды", – деп хабарлады полиция.
Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті жетекшісі Жандос Сүйінбайдың айтуынша, тінту барысында күдіктілерден 400-ден астам компьютер құрылғылары мен өзге де электронды техника тәркіленген.
Полиция аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің ақпараттық жүйеге заңсыз қол жеткізу, жеке өмірге қол сұғу және дербес деректерді қорғау заңнамасын бұзу, шектеулі электронды ақпаратты заңсыз тарату деген баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жандос Сүйінбай осы іске қатысы бар барлық адамдар анықталып жатқанын айтты.
Бірақ полиция күдіктілер қай қалада ұсталғанын, олар қандай компанияда жұмыс істегенін нақтыламай, жалпылама ақпаратпен шектелді.
ПІКІРЛЕР